Шортанды аудандық ауруханасы

Қазақстан, Шортанды (Шортандинский район, Акмолинская обл.), Дзержинский к-сі, 1
+7 (71631) 7 99 00
+7 (71631) 7 99 04
Жаңалықтар
Вернуться к списку |

Қызылша ауруы

Құрметті шортандылықтар!

Біз сіздерге қызылша туралы өзекті ақпаратты ұсынамыз. Қызылшадан қалай сақтануға болады және бала қызылшамен ауырса не істеу керек?

Қызылша — балаларда жиі кездесетін өте жұқпалы ауру. Егер қызылшамен бала жаскезінде ауырмаса, онымен адам үлкейгенде де ауыра береді. Бұл ауруды вирус қоздырады, ол ауру баладан сау балаға ауа арқылы жұғады. Вирус ауамен араласып, қатардағы бөлмелерге, коридорларға тез өтіп шығады. Сондықтан дені сау бала ауру баламен бір бөлмеде болмаса да қызылшаны жұқтырып алуы мүмкін.

Бұл аурумен сырқаттанған баланың халі қатты нашарлайды. Дерт жұққан алғашқы күндері баланың тамаққа зауқы соқпай, мұрнынан су ағып, жөтеледі. Көзі жасаурап, былшықтанады. Температурасы көтеріліп, жөтелі күшейе түседі. Көзі қызарып, жасаурап, жарыққа қарай алмайды. Еріндері кезеріп, тамақ ішкісі келмейді. 3—5 күн өткен соң ұртында ұсақ ақ теңбілдер пайда болады. Тамағы қызарады. Күннен-күнге баланың жалпы жағдайы нашарлап, денесінің қызуы көтеріле береді. Ауырған күннен бастап арада 6—7 күн өткенде бетіне, құлақтарының сыртына, мойнына қызыл бөртпелер шығады, ал келесі күндері дәл осындай бөртпелер көкірегіне, қарнына, қолдарына, ал сонан соң шаттарына, аяқтарына шыға бастайды. Егер ауру асқынбаса, баланың көңіл күйі бірте-бірте жақсарып, температурасы төмендейді, тамаққа тәбеті шабады. Ал бөртпелер қалай пайда болса, сол тәртіппен кете бастайды, яғни алдымен беттегі, құлақ сыртындағы, мойнындағы, сонан соң кеудедегі, қолдағы, арқадағы, қарындағы, шаттағы, аяқтағы бөртпелер кете бастайды. Теріде бөртпелердің орнында қоңыр теңбілдер қалады. Бұл теңбілдер 2—3 апта өткен соң барып кетеді. Қызылшамен ауырған бала айналасындағы сау балалар үшін бірінші күннен бастап қауіпті. Сондықтан аурудың алғашқы белгілері білінісімен тез арада дәрігерге хабарлап, ауру баланы сау балалардан оқшаулаған жөн. Ауру баламен бірге болған балалар 17 күн бойы бала бақшаға, мектепке жіберілмейді. Қызылшамен ауырған бала үйде дәрігердің бақылауымен емделеді. Егер баланың жағдайы тіпті нашар болса, онда оны аурухананың оқшауланған бөлмесіне орналастыру керек. Науқас бала ауырған күннен бастап төсекте жатуға тиіс. Егер ол жас нәресте болса, оны жиі- жиі қолға алып, ал ересек бала болса, төсек-орнын жиі-жиі ауыстырып, өзін әлсін-әлсін аударыстырып жатқызған дұрыс. Бұлай ету баланың өкпесінің қабынбауын қамтамасыз етеді. Бөлменің ауасын жиі-жиі тазартып, күн сайын еденді, терезені, есікті сулы шүберекпен сүртіп отырады. Терезеден бөлмеге күнсәулесі жақсы түсуі тиіс, бірақ оның баланың бетіне түспегені дұрыс. Сырқаттанған бала шуды жақтырмайды, сондықтан да үйде тыныштық болғаны жөн, сонымен бірге тұмауратқан, гриппен және тағы да басқа сырқаттармен ауырып жүрген адамдардың науқас баланың қасына баруына болмайды. Өйткені ауырып, қорғаныс күші әлсіреген бала басқа ауру жұқтырып, жағдайын бұрынғыдан да нашарлатып алуы мүмкін. Ауру баланың бетін күн сайын тамақ ішер алдында жуып, гигиеналық тазалықты міндетті түрде сақтау керек. Егер денесінің қызуы 38 градустан аспаса, науқас баланы шомылдыруға болады. Көзінің былшығын жиі-жиі тазартып отырады.Қызылша қауіпті ауру емес. Бірақ, дұрыс емдемей, ауру асқынып кетсе, өкпе немесе ортаңғы құлақтың қабынуына әкеледі. Қызылшамен бір рет ауырған адамда иммунитет пайда болады да, ол екінші қайталап ауырмайды. Баланы кызылшадан алдын ала сақтау үшін ектірудің пайдасы зор. Егілген бала қызылшамен ауыра қалған күннің өзінде де оның ауруы егілмеген балаларға қарағанда жеңіл өтеді. Сондықтан, құрметті ата-аналар, балаларыңыздың денсаулығын ойлап екпеден бас тартпаңыздар!

Шортанды аудандық ауруханасының аурухана эпидемиологы Шажалиева А.Ж.


Сұрақ қою Пікір қалдыру Емханаға қоңырау шалу